


ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығы «Almaty Resort» шипажайының емдік дене шынықтыру дәрігері жақсы көңіл-күй мен ұзақ өмір сүрудің сырларымен бөлісті. Күн сайын егде жастағы адамдармен жұмыс істейтін дәрігер, қозғалыс — әдемі қартаюдың бірден бір жолы екенін жақсы біледі. Қандай жаттығулар егде жасқа сай келеді, денсаулықты күтуді неден бастау керек және уақыт өткізбей өзіңе дер кезінде қамқор болудың маңыздылығы жайлы емдік дене шынықтыру маманы Әділхан Сәлімов әңгімелейді.
– Әділхан, өзіңіз туралы аз-кем айтып өтсеңіз. Бұл мамандықты қалай таңдадыңыз, емдік дене шынықтыру саласына қалай келдіңіз?
– Адам ағзасының қалай жұмыс істейтіні және оны жақсы күйде қалай сақтауға болатыны мені үнемі қызықтыратын. Бала кезімнен спортпен айналыстым. Сондықтан, белсенді қозғалыс денені шынықтырып қана қоймай, жылдар бойы денсаулықты сақтауға көмектесетінін түсіндім. Емдік дене шынықтыру – медицина мен спортты біріктіретін, адамдарға жарақат пен аурудан кейін қалпына келуге көмектесетін сала. Сондықтан осы саланы таңдадым.
– Бұл салада қанша жылдан бері жұмыс істейсіз? Медицинадағы тәжірибеңізде ерекше есте қалған сәттер болды ма?
– Емдік дене шынықтыру саласында екі жылдан астам уақыт жұмыс істеп келемін. Осы уақыт ішінде көп нәрсені үйрендім, кейде өте күрделі жағдайлармен де бетпе-бет келдім. Ең бастысы –ауыр диагноз қойылған науқастардың үмітін үзбей, үнемі жаттығу жасау. Бірге еңбектенудің арқасында олардың қалыпты өмірге оралған сәттері ешқашан естен кетпейді. Бұл мені шабыттандырып, жұмысымды одан әрі жалғастыруға күш береді.
– Сіз туралы науқастар жылы пікір айтып, ризашылық білдіріп жатады. Бұл сенім мен сыйластықтың сыры неде?
– Бұл – әр науқасқа арнайы жасалған емдеу жоспары мен шынайы қамқорлықтың нәтижесі деп ойлаймын. Әрбір адамды мұқият тыңдап, оның қажеттілігін түсінуге тырысамын және ең тиімді қалпына келу жолын ұсынуға тырысамын. Менің жұмысым – жанашырлық пен көмектесуге негізделген. Адамдар соны сезетін болар, сондықтан жылы пікірлерін айтып, алғыстарын жеткізіп жатады.
– Сіз адамдардың қалпына келіп, белсенді әрі дені сау болуына көмектесесіз. Белсенді ұзақ өмір сүрудің басты құпиясы неде деп ойлайсыз?
– Ең бастысы – үнемі және әртүрлі қимыл-қозғалыс жасау. Біздің ағзамыз қозғалыс үшін жаратылған, сол себепті тоқтап қалмай, белсенді өмір салтын ұстану өте маңызды. Жүрекке жүк түсіретін жаттығулар, бұлшықетке арналған күштік жаттығулар мен созылу жаттығулары – барлығы кешенді түрде денсаулықты нығайтып, белсенді ұзақ ғұмырға жол ашады.
– Қартайған шақта белсенділікті сақтау үшін қай жастан бастап қам жасау керек?
– Неғұрлым ерте бастаса, соғұрлым жақсы. Дегенмен бұл егде тартқанда кеш болады деген сөз емес. Денсаулыққа жас кезден бастап көңіл бөлу керек, бірақ кеш бастасаңыз да нәтиже беретінін ұмытпаңыз. Ең бастысы – дұрыс жолды таңдап, үнемі қозғалыста болу.
– Егде жастағы адамдар үшін дене белсенділігі қаншалықты маңызды? Көптен бері спортпен шұғылданбағандар неден бастаса болады?
– Егде жаста дене белсенділігі өте маңызды: ол буындардың икемділігін сақтайды, жүрек пен қан тамырларын нығайтады, бұлшық етті сақтауға және энергияны арттыруға көмектеседі. Ең қарапайым қозғалыстардан бастаған дұрыс – серуендеу, йога, суда жүзу. Ең бастысы – денеңіздің мүмкіндігін ескеру керек. Шамадан тыс жүктемеден аулақ болып, қозғалысты бірте бірте бастаған жөн.
– Сіз жақсы физикалық және психологиялық қалыпта жүру үшін қандай жеке ережелерді ұстанасыз?
– Мен бірнеше қағиданы ұстанамын: тұрақты жаттығу, жаттығулардың әртүрлілігі, дұрыс тамақтану, толыққанды демалыс. Сондай-ақ психологиялық жай-күй де маңызды — позитивті көзқараста жүру, күйзеліске берілмей, өмірдің әр сәтінен қуаныш таба білу қажет.
– Ұзақ өмір сүріп, белсенді болғысы келетін және әр күннен ләззат алғысы келетін оқырмандарымызға не тілейсіз?
– Денсаулық — бұл өзінен-өзі берілетін нәрсе емес, ол тұрақты күтімнің нәтижесі екенін әрдайым есте сақтаңыз. Физикалық белсенділікті өміріңіздің бір бөлігіне айналдырыңыз, жұмыс пен демалыс арасында тепе-теңдік табыңыз, ұсақ нәрселерге де қуана біліңіз және ең бастысы — жасыңызға қарамастан әрдайым алға жылжу керек екенін естен шығармаңыз.