
Медицина қызметкерлері күніне орай біз «Almaty Resort» шипажайының реабилитолог дәрігері Айдын Қабдымəлікұлы Жұмабаймен сұхбаттастық. Ол бұл мамандықты неге таңдағанын, күнделікті жұмыстағы қиындықтарды, пациенттерге өзіне сенуге қалай көмектесетінін, сондай-ақ шипажайдың ерекшелігі — минералды су мен жайлы климат туралы айтып берді.
– Айдын Қабдымəлікұлы, неге реабилитолог мамандығын таңдадыңыз? Сізді бұл жолға не жетеледі?
– Мен әрдайым ағзаның табиғи жолмен қалпына келуін қолдаймын. Адам ағзасы - ішкі ресурсы мен ерік-жігерінің арқасында қиын жағдайлардан шығуға қабілетті екеніне мысалдар өте көп. Тіпті, ми да сауығу туралы ақпаратты қабылдап, бет бұрады. Сондықтан менің басты мақсатым — ағзаның мүмкіндігін толық пайдаланып, адамдарға қалпына келуге көмектесу болды.
– Қай оқу орнын бітірдіңіз? Кəсіби жолыңыз қалай басталды?
– Мен — ауылдан шыққан қарапайым жігітпін. Мектептен кейін С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне оқуға түстім. Университетті бітіріп, кейін реабилитолог мамандығы бойынша қайта даярлықтан өттім. Жалпы еңбек өтілім — 6 жыл, ал «Almaty Resort» шипажайында жарты жылдан бері жұмыс істеп келемін.
– Реабилитолог дәрігерлер қандай қиындықтарға жиі тап болады?
– Реабилитология — бұл көптеген медициналық салалардың тоғысқан жері. Бізге неврологиялық, кардиологиялық, травматологиялық диагнозы бар, операциядан кейінгі науқастар, ересектер де, балалар да келеді. Бұл үнемі кәсіби даму мен әрбір адамға жеке қарауды, сондай-ақ үлкен эмоционалды төзімділікті талап етеді.
– Жақсы реабилитолог қандай қасиеттерге ие болуы керек?
– Ең алдымен — адамдарға шын ниетпен көмектесу. Бұл — жай ғана жұмыс емес, өмір салты. Кейде емделу барысы ұзақ, әрі ауыр болады, сондықтан бұл салада төзімділік пен мамандыққа деген сүйіспеншілік өте маңызды.
– Соңғы жылдары реабилитация саласы қалай өзгерді?
– Өзгерістер қарқынды жүруде. Біз технология дәуірінде өмір сүріп жатырмыз — әр ай сайын жаңа әдістер, жаңа тәсілдер пайда болуда. Бірақ соған қарамастан, реабилитацияның уақытпен дәлелденген негізгі принциптері бар — олар өзгерген жоқ. Бұл — қозғалыс белсенділігі, физиотерапия және табиғи факторлар арқылы қалпына келу. Мұның бәрі ешқашан маңызын жоймайды.
– «Almaty Resort»-та қандай бағыттар дамып жатыр?
– Қазіргі таңда бізде травматологиялық және кардиологиялық реабилитация бағыттары белсенді дамып келеді. Омыртқа операцияларынан кейін, эндопротездеуден кейін, жарақаттардан кейінгі науқастарды қалпына келтіреміз. Сондай-ақ тірек-қимыл жүйесінің ауруларымен — остеохондроз, жарық, артрит, артрозбен күресеміз. Инфаркт пен жүрекке жасалған операциядан кейін оңалту бағдарламалары бар.
– Пациенттер қандай диагнозбен жиі келеді, қандай әдістер тиімді?
– Пациенттер кардиологиялық, неврологиялық және операциядан кейінгі жағдайлармен келеді. Саланың ауқымы өте кең. Ең маңыздысы — кешенді тәсіл. Біз физиотерапияны, емдік дене шынықтыруды, жеке жаттығуларды, су процедураларын, массажды және басқа да әдістерді үйлестіріп қолданамыз. Бұл — ең жақсы нәтиже береді.
– Шипажайдың визиттік карточкасы не деп айта аласыз?
– Әлбетте, бұл — минералды су. Құрамы ерекше және ол тек ішуге ғана емес, емдік ванна, қызыл иек пен ішекті шаюға да қолданылады. Тағы бір мақтанышымыз — ерекше климат пен ландшафттық аймақ. Мұның барлығы денсаулықты қалпына келтіруге өте қолайлы. Бізде физиопроцедуралар, массаж, акупунктура, жаттығу құрылғылары, реабилитологтармен жеке жұмыс сияқты қызметтер толық қамтылған.
– Оңалту барысында қандай инновациялық әдістер қолданылады?
– Біз заманауи реабилитациялық технологияларды енгізіп жатырмыз: аппараттық физиотерапия, кинезотерапия, жаңа жаттығу құрылғылары мен авторлық емдеу әдістері, локалды декомпрессия аппараттары, спа-капсуладағы су және хромотерапия. Бірақ бастысы — құрылғы емес, дұрыс тәсілді таңдап, емді дұрыс үйлестіру.
– Аяққа тұрып кеткен пациенттердің оқиғасымен бөліссеңіз.
– Бірде 8 айлық, мерзімінен бұрын туған, ДЦП белгілері бар бір сәби келді. Анасы көмек сұрап келді. Біз 4 курс өткіздік: массаж, жасына сәйкес гимнастика. Нəтижесінде — отырмайтын, еңбектемейтін бала қазір толық қозғалады, жүгіріп, секіреді. Бұған сенім мен табандылықтың арқасында қол жеткіздік.
– Қалпына келу жолы қиынға соғып жатқан пациенттерді қалай жігерлендіресіз?
– Инсульттан кейін қозғалыс қабілетін жартылай, не толық жоғалтқан адамдармен жиі жұмыс істейміз. Мұндай кезде қолдау өте маңызды. Мен нәтижеге жетуге болатынын түсіндіремін, өзге пациенттердің мысалын келтіремін. Кейде демеу болу керек, кейде сілкіп, отбасы үшін күресу керек екенін еске салу керек. Ең бастысы — ішкі мотивацияны ояту.
– Қалпына келу жолын енді бастағандарға не айтар едіңіз?
– Ең бастысы — өзіңе сену. Қалпына келу — уақыт пен күшті талап ететін процесс. Бірақ сенім мен сабыр болса — бәрі де мүмкін.