Шипажай кинотеатрында қазақ әдебиетінің классигі, жазушы, драматург, «Құрмет» орденінің иегері Софы Сматаетың шығармашылық кеші өтті.
Жазушының танымал «Елім-ай» роман-трилогиясы қазақ халқының басынан өткен ауыр кезеңдерді суреттейді. «Сплав», «Бұлақ», «Ақжелкен» шығармалары – Софы Сматаевтың мол мұрасының бір бөлігі ғана. Ал «Қайран жастық», «Көгілдір такси» және басқа да повестері арқылы жазушы әдеби ортада танымалдыққа ие болды.
Софы Сматаев Шет ауданының Ағадыр кентінде дүниеге келген. Бала кезінен әдебиетке құмар болды. Есейе келе, инженер-металлург болып еңбек ете жүріп, өлеңдер мен шағын шығармалар жаза бастайды. Кейін кәсібін түбегейлі өзгертіп, жазушылық жолды таңдайды. Бүгінде классик қаламгердің еңбектері әдебиеттанушылар тарапынан жоғары бағаланып отыр.
Шығармашылық кеш Софы Қалыбекұлының өмірбаянына арналған деректі фильмнің көрсетілімімен ашылды. Фильмнен кейін жазушы шипажай қонақтарының алдында сөз сөйлеп, өз шығармаларынан үзінділер оқыды, сұрақтарға жауап беріп, әдебиет пен уақыт туралы ой-пікірлерімен бөлісті.