Басты бетЗаманауи шипажай: миллениалдар «емдік демалыс» форматын қалай өзгертті

Заманауи шипажай: миллениалдар «емдік демалыс» форматын қалай өзгертті

Заманауи шипажай: миллениалдар «емдік демалыс» форматын қалай өзгертті

«Шипажай» деген сөзді естігенде, көпшіліктің ойына әлі де өткеннің көрінісі келеді: қатаң тәртіп, асханадан шығатын дәмі солғын, тұзы аз тамақтың иісі, қоңырау арқылы процедураға шақыру және жеке кеңістіктің аздығы. Бірақ мұның бәрі әлдеқашан өзгерген  және оны ең бірінші болып түсінгендер миллениал ұрпақ. 2025 жылдың қаңтарындағы Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, елде 333 шипажай мен курорт жұмыс істейді, оның 34-і Алматыда орналасқан. Бұрын шипажайда демалу «жасы үлкен ата-аналарға арналған» формат саналса, бүгінде 80-90 жылдары, тіпті 2000 жылдары туған жастар арасында толыққанды трендке айналды. Ендеше, нақты не өзгерді және қазіргі шипажайдың «кеңес заманындағы демалыстан» айырмашылығы қандай? Соны қарастырайық.

Бұрын шипажайда тамақтану диеталық үстел қағидатына сай ұйымдастырылатын. Мәзірде міндетті түрде жеміс-жидек, көкөніс, сүт өнімдері және басқа да пайдалы тағамдар болатын. Дайын тағамды берер алдында оны диетолог пен кезекші дәрігер тексеретін. Ал қазір диетологтар шектеу қоюдың орнына, дұрыс тамақтану жүйесін қиындықсыз қалыптастыруға көмектеседі. Кеңес заманында барлық процедуралар бірдей, қатаң кесте бойынша жүргізілетін. Қазіргі таңда диагностика, жеке емдеу жоспары және заманауи емдеу тәсілдері енгізілген. Иә, Шарко душы мен электрофорез сақталған, бірақ олар бүгінде жалпы жүйенің бір бөлігі ретінде қолданылады. «Оқ-Жетпес» «Алматы» емдік-сауықтыру кешенінің орналастыру және қызмет көрсету бөлімінің жетекшісі Сабина Байсұлтанованың айтуынша, қонақтардың сұранысы айтарлықтай өзгерген:

– Біздің шипажай Кеңес Одағы кезеңінен бері белгілі. Ол 60-жылдары жұмысын бастап, бүгінге дейін танымал болып келеді. Қонақтар, соның ішінде жастар да, енді тек емделу үшін емес, сапалы демалыс үшін келеді. Олар үшін жайлылық, ыңғайлылық, жоғары деңгейлі қызмет және толыққанды қалпына келу мүмкіндігі маңызды. Соған қарай шипажайлар да өзгеріп жатыр - заманауи медициналық технологиялар енгізіліп, инфрақұрылым жаңартылуда, адам өзін еркін әрі тыныш сезінетін орта қалыптастырылуда.

Қоңыраумен ояну және міндетті «тыныштық сағаты» тәртібі де бүгінде өткеннің еншісінде. Әр адам өз кестесін өзі реттей алады. Бұл әсіресе уақытын басқаруға үйренген миллениалдар үшін өте маңызды. Ортақ душтар мен көп адамдық бөлмелердің орнына барлық жағдайы жасалған жайлы бөлмелер жасақталды. Тыныштық, жеке кеңістік және ілтипатты қызмет — мұның бәрі бұрынғы шипажай бейнесінен мүлде алшақ. «Оқ-Жетпес» «Алматы» емдік-сауықтыру кешені директорының емдеу-оңалту жұмыстары жөніндегі орынбасары Нұрдәулет Өмірбековтің айтуынша, шипажай тек қарттарға арналған деген түсінік қазір ескірген:

– Шипажайға тек зейнеткерлер барады деген қасаң түсінік шындыққа сай келмейді. Біз аурулардың «жасарып» келе жатқанын байқап отырмыз - бұрын олар көбіне 50 жастан кейін пайда болса, бүгінде алғашқы белгілер 30–35 жаста-ақ байқалады. Қозғалыстың аздығы, отырып жұмыс істеу, жоғары күйзеліс деңгейі және қарқынды өмір салты остеохондроз, остеопороз, жүрек-қан тамырлары ауруларының дамуына әкеледі. Сондықтан жастар шипажайлық-курорттық емді тек қалпына келу үшін ғана емес, алдын алу мақсатында да саналы түрде таңдай бастады. Тұрақты ем-шаралар денсаулыққа қауіп-қатерді азайтып, өмір сапасын арттырады және ұзақ жылдар бойы денсаулықты сақтауға көмектеседі.

24 жастағы Әсел Мұратбек өз тәжірибесімен бөлісті:

— Мен шипажайда 15 күн болдым — бүгін енді кетіп барамын. Әр күнім өзінше мазмұнды өтті. Биыл қайда барсам екен деп ұзақ ойландым, соңында достарымның кеңесіне құлақ астым. Дәл осы жерде туған күнімді де атап өттім. Шын мәнінде, бұл керемет демалыс болды — өзіңе, өзіңнің физикалық және рухани денсаулығыңа жасаған нағыз сый екен.

Миллениалдар — телефоннан көп ажырай бермейтін буын. Сондықтан олар үздіксіз ақпарат ағынының қаншалықты шаршататынын жақсы сезінеді. Шипажайлардың көбіне қаладан алыс, тыныш аймақтарда орналасуы тегін емес. Мұнда саябақтар, емдік серуен жолдары және қалпына келуге арналған кеңістік бар. Минералды ванналар, ингаляциялар, тұзды үңгірлер, массаждар — мұның бәрі енді «ем» ретінде ғана емес, өзіңе қамқорлықтың заманауи wellness тәсілі ретінде қабылданады. Тағы бір маңызды артықшылық — шипажай «бәрі қамтылған» форматында жұмыс істейді, яғни тұру, тамақтану және медициналық қызметтердің бәрі бір жерде біріктірілген.