Басты бетФизиотерапия: емдеу және оңалту әдістері

Физиотерапия: емдеу және оңалту әдістері

Физиотерапия: емдеу және оңалту әдістері Физиотерапия: емдеу және оңалту әдістері Физиотерапия: емдеу және оңалту әдістері Физиотерапия: емдеу және оңалту әдістері

Медицина қызметкерлері күні қарсаңында, азаматтардың денсаулығы мен өмір сапасын жақсартуға үлес қосып жүрген мамандармен таныстыруды жалғастырамыз. Бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері – «Almaty Resort» шипажайының физиотерапевт дәрігері Рахметова Төлеубала Төлегенқызы. Ол медицина саласында 40 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман. Соның 16 жылын шипажайда өткізіп, аурулардан, жарақаттардан және операциялардан кейінгі қалпына келу кезеңінде пациенттерге көмек көрсетіп келеді.

– Төлеубала Төлегенқызы, медицинадағы еңбек жолыңыз қалай басталды?

– Медицинаға деген қызығушылығым ерте жастан қалыптасты. Мен 1958 жылы Семей қаласында дүниеге келдім. Есейе келе адамдарға көмектесетін мамандықты таңдағым келетінін түсіндім. 1981 жылы Семей мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетін тәмамдадым. Оқуды аяқтаған соң еңбек жолымды Үржар ауданында бастадым. Бұл мен үшін өте маңызды кезең болды, өйткені алғашқы тәжірибемді сол жерде жинақтадым.

Кейін Семей қаласында жұмысымды жалғастырып, 1996 жылға дейін жедел жәрдем дәрігері әрі жасөспірімдер терапевті болып қызмет атқардым. Бұл – жылдам шешім қабылдап, пациенттердің өмірі мен денсаулығына жауапкершілікпен қарауды үйреткен үлкен тәжірибе мектебі болды. Ал 1996 жылдан бері физиотерапия және оңалту саласында еңбек етіп келемін.

– Шипажайда қандай физиотерапиялық емшаралар жиі тағайындалады?

– Шипажай тәжірибесінде біз әртүрлі емшараларды қолданамыз және олардың барлығы пациенттің жағдайына қарай таңдалады. Ең жиі тағайындалатындары – электрофорез, магнитотерапия, лазеротерапия, ультрадыбыстық терапия, сондай-ақ емдік ванналар мен балшықпен емдеу. Бұл әдістер бір-бірімен жақсы үйлесіп, жүйке жүйесіне, қан айналымына, бұлшықеттер мен буындарға кешенді әсер етеді.

– Белгілі бір пациентке қандай емшара қажет екенін қалай анықтайсыздар?

– Біз емді ешқашан «дайын үлгімен» тағайындамаймыз. Алдымен пациентті қарап, ауру тарихын және тексеру нәтижелерін зерттейміз. Негізгі диагнозбен қатар адамның жасы, басқа аурулары, физикалық белсенділігі, тіпті психоэмоциялық жағдайы да ескеріледі. Физиотерапия ағзаға жұмсақ, бірақ терең әсер етеді. Сондықтан емшараларды дұрыс таңдамаса оның тиімділігін төмендетуі мүмкін. Біздің міндетіміз – қауіпсіз әрі нәтижелі ем түрлерін үйлестіріп ұсыну.

– Физиотерапия көбіне қандай мәселелерді шешуге көмектеседі?

– Көбінесе арқа мен буындардың ауруы, жарақаттардың салдары, неврологиялық бұзылыстар, инсульттен және операциядан кейінгі қалпына келу кезеңінде қолданылады. Көп жағдайда физиотерапия ауырсынуды азайтып, қимыл-қозғалысты жақсартып, дәрілік препараттарға деген тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді.

– Электрофорездің пайдасы қандай және ол кімдерге ұсынылады?

– Электрофорез – әлсіз электр тогының көмегімен дәрілік заттарды тері арқылы енгізу әдісі. Оның басты артықшылығы – дәрі-дәрмек арқылы асқазан-ішек жолдарына салмақ салмай, тікелей ауырсыну немесе қабыну ошағына әсер етеді. Әдетте ол буын, омыртқа ауруларында, невралгияларда және созылмалы ауырсыну жағдайында тағайындалады.

– Магнитотерапия қалай әсер етеді? Пациент оның әсерін сезіне ме?

– Магнитотерапия – ағза тіндеріне магнит өрісі арқылы әсер ету әдісі. Көп жағдайда пациент процедура кезінде ешқандай ерекше әсерді сезбейді. Бұл кейде таңғалдырады. Алайда оның нәтижесі біртіндеп байқалады: микроциркуляция жақсарады, ісіну азаяды, қабыну мен ауырсыну төмендейді. Мұнда ең бастысы – процедура барысындағы әсер емес, оның нәтижесі маңызды.

– Лазеротерапия, ультрадыбыстық терапия және емдік ванналардың пайдасы қандай?

– Лазеротерапия – нысаналы әсер ететін әдіс. Ол тіндердің жазылу үдерісін жеделдетеді, ұсақ қан тамырларындағы қан айналымын жақсартады және қабынуды азайтады. Біз оны жарақаттар мен операциялардан кейінгі оңалтуда, сондай-ақ буындар мен жұмсақ тіндердің созылмалы ауруларын емдеуде жиі қолданамыз.

Ультрадыбыстық терапия тірек-қимыл аппараты ауруларында, яғни буын, байлам және бұлшықет зақымдануларында пайдаланылады. Ол тіндерге терең әсер етіп, зат алмасуды жақсартады, ауырсынуды азайтады және қозғалыс белсенділігін қалпына келтіруге көмектеседі. Бұл әсіресе созылмалы сырқаттар кезінде маңызды.

Емдік ванналар – ең жұмсақ әрі тиімді әдістердің бірі. Олар теріге жылулық әсер беру арқылы бұлшықеттерді босаңсытып, қан айналымын жақсартады, күйзеліс пен жалпы шаршауды азайтады. Көптеген пациенттер үшін бұл тек ем ғана емес, эмоционалдық тұрғыдан қалпына келудің маңызды бөлігі.

– Пациенттер көбіне қай процедураның маңызын бағаламай жатады?

– Көбіне магнитотерапияның әсерін жете бағаламайды. Кейбір пациенттер ауырсынуды басатын дәрілер сияқты жылдам нәтиже күтеді. Бірақ физиотерапияның ерекшелігі – оның әсері біртіндеп жиналады. Оның күші де дәл осы жерде: ол мәселені уақытша жасырып қоймай, оның даму механизмдеріне әсер етеді.

– Бір емдеу курсында бірнеше процедураны қатар қолдануға бола ма?

Әрине, болады, тіпті ол қажет те. Шипажай тәжірибесінде біз медициналық-экономикалық стандарттарға (МЭС) сәйкес кешенді ем қолданамыз. Әртүрлі әдістер бір-бірінің әсерін күшейтеді: бірі қан айналымын жақсартса, екіншісі қабынуды азайтады, үшіншісі жүйке жүйесіне әсер етеді. Осындай кешенді тәсіл тұрақты әрі айқын нәтиже береді.

Физиотерапияның басты құндылығы – ағзаның өз мүмкіндіктерін іске қосады. Біз тек симптомдарды жойып қоймай, ағзаның табиғи қалпына келу механизмдерін белсендіреміз. Бұл әсіресе созылмалы аурулар кезінде өте маңызды.

– Неліктен физиотерапия шипажайлық емдеуде ерекше орын алады және нәтижесі қашан байқалады?

– Өйткені мұнда ең маңызды екі фактор бар: уақыт пен жүйелілік. Пациент бір реттік процедура емес, толыққанды емдеу курсынан өтеді. Бұл ұзақ сақталатын нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Кейде алғашқы оң өзгерістер бірнеше процедурадан кейін-ақ байқалады: ауырсыну азайып, жеңілдік сезімі пайда болады. Бірақ тұрақты нәтиже көбіне курстың соңына қарай қалыптасады.

– Физиотерапия арқылы аурулардың алдын алуға бола ма?

– Иә, профилактикада оның маңызы зор. Ол қан айналымын жақсартып, бұлшықеттердің созылмалы кернеуін азайтады, ағзаның жалпы жағдайын жақсартып, аурулардың асқыну қаупін төмендетеді. Дегенмен физиотерапия негізгі емнің орнын баспайды, оны толықтырады. Кей жағдайларда ауырсынуды басатын және қабынуға қарсы дәрілердің мөлшерін азайтуға мүмкіндік береді.

– Физиотерапия ағзаның қалпына келуін жеделдетеді деп айтуға бола ма?

– Әрине. Өйткені ол қан айналымын, зат алмасуды және тіндердің жаңару үдерістерін белсендіреді. Соның нәтижесінде ағза тиімдірек жұмыс істеп, қалыпты жағдайына тезірек оралады.

Әсіресе егде жастағы адамдар үшін физиотерапия өмір сапасын жақсартуға көмектеседі: ауырсыну азаяды, қозғалыс белсенділігі артады, ұйқы мен жалпы көңіл-күй жақсарады. Бұл оларға ұзақ уақыт бойы белсенді, өз бетінше өмір сүріп, ауыр дәрі-дәрмектерге тәуелді болмауына мүмкіндік береді.