Басты бетАлматыда Гоша Карцев, Тамби Масаев және Ян Гэ қатысқан Picnic by Partners жаңа форматта өтті

Алматыда Гоша Карцев, Тамби Масаев және Ян Гэ қатысқан Picnic by Partners жаңа форматта өтті

Алматыда Гоша Карцев, Тамби Масаев және Ян Гэ қатысқан Picnic by Partners жаңа форматта өтті

12-ші рет ұйымдастырылған ауқымды жазғы Picnic by Partners биыл бірден үш баспа брендін біріктірді. Биылғы жазда продюсерлер мен ұйымдастырушылар музыкалық бағдарламаға емес, мазмұнды әңгімелер мен танымал тұлғалармен сұхбаттарға басымдық беруді жөн көрді. Kursiv LifeStyle биыл екінші жыл қатарынан жаңа алаңда өткен фестивальге қатысып, ерекше атмосферасына куә болды.

Picnic by Partners фестивалі биыл екінші жыл қатарынан 1967 жылы кеңестік элитаға арналған шипажай ретінде ашылған Almaty Resort-та өтті. Шипажайдың кең жасыл алаңдары мен қалың ағаштары фестиваль қонақтарына ерекше жайлы орта сыйлады. Фестивальге барар жолда ұзын сонар көлік кептелісі орын алды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жол қозғалысының қиындауына көбіне фестивальге жеке көлігімен келуді таңдаған жүргізушілер себеп болған.

Фестиваль қонақтары үшін түрлі тақырыптық аймақтар ұйымдастырылды. Әртүрлі дәмхана мен мейрамханалар келушілерге дәмді тағам ұсынды. Көгалдарда арт-инсталляциялар мен демеушілердің павильондары орнатылып, онда сыйлықтар, сусындар мен жеңіл тағамдар таратылды. Балаларға арналған арнайы ойын және шығармашылық аймақтар да қарастырылды.

Сонымен қатар, қазақстандық қолөнершілерге арнайы орын бөлініп, олар ұлттық нақыштағы әшекейлерін, аксессуарларын және сәндік бұйымдарын ұсынды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальге Қазақстанның дәстүрлі мәдени мұрасын заманауи тұрғыда жаңғыртып жүрген шеберлер іріктелген.

Фестиваль тарихында алғаш рет басты назар музыканттарға емес, арнайы шақырылған қонақтарға аударылды. Elle, Esquire және Harper’s BAZAAR журналдарының бас редакторлары танымал тұлғалармен ашық сұхбат жүргізді.

Мыңдаған көрерменнің алдында қытайлық танымал актриса, режиссер, сценарист әрі әнші Ян Гэ өнер көрсетті. Ол шығармашылық жолын Ресейде бастап, кезінде «Гоголь-орталығының» жұлдызы әрі «Голос» жобасының ақтық кезеңінің қатысушысы ретінде танылған. Қазір Ян Гэ Еуропада шығармашылық қызметін жалғастырып, түрлі контент жобаларды әзірлеумен айналысып жүр.

Әзіл-сықақ тақырыбы «Что было дальше?» (ЧБД) шоуының қатысушысы, әзілкеш әрі тележүргізуші Тамби Масаевпен өрбіді. Ал сән әлемі туралы әңгіме танымал стилист, YouTube жұлдызы және көзілдірік пен әшекейлер брендінің негізін қалаушы Гоша Карцевпен өтті. Ол көрермендермен белсенді тілдесіп, ең сәнді киінген қатысушыларды таңдады. Сондай-ақ қазіргі әлемдік old money face тренді туралы айтып, пластикалық операцияларға жүгінбей-ақ табиғи әрі әдемі қартаю сәнге айналып келе жатқанын атап өтті.

Бұған дейін Picnic by Partners фестивалі бұрынғы Areal гольф-клубының аумағында ұйымдастырылып келген болатын. Алматы тұрғындары жаңа орынға енді үйреніп келеді. Соған қарамастан, фестивальге келушілердің қарасы қалың - шараға мыңдаған адам қатысты.

Фестивальдің музыкалық хедлайнері әрі ең есте қаларлық сәті - румындық әнші әрі продюсер Tom Boxer болды. Ол әлемге танымал би әуендерімен өнер көрсетіп, кештің көркін қыздырды.

Фото: https://elle.com