

Мамыр айында артериялық гипертонияға қарсы күрестің дүниежүзілік күні аталып өтеді. «Almaty Resort» шипажайының жоғары санатты дәрігер-кардиологы Дүйсен Ботагөз Бақтұрқызы «Шалқар радиосы» тыңдармандарына артериялық қысымның алдын алу мен бақылау, салауатты өмір салтының маңыздылығы және медициналық тексерулер туралы кеңестерімен бөлісті.
Артериялық гипертония дегеніміз не және оған неге ерекше назар аударылады?
Артериялық гипертония — бұл қан қысымының қалыпты мөлшерден тұрақты түрде жоғарылауы, яғни 140/90 мм сынап бағанасынан жоғары болуы. Бұл — әлемдегі ең кең таралған созылмалы аурулардың бірі. Оған ерекше назар аударылатын себебі, гипертонияда көбінесе ауырсыну белгілері болмайды, бірақ инсульт, инфаркт, жүрек пен бүйрек жеткіліксіздігі сияқты ауыр асқынуларға алып келуі мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, әрбір үшінші ересек адамда қан қысымы жоғары, бірақ көбісі бұл туралы білмейді, сондықтан емделмейді.
Дәрігерге бармай-ақ гипертонияны ерте анықтауға бола ма?
Иә, болады. Ең тиімді жол — артериялық қысымды үнемі өлшеп отыру. Аурудың басты қауіптілігі — белгілердің болмауы. Адам жылдар бойы жоғары қысыммен өмір сүріп, оны байқамауы мүмкін. Кейде желке тұсы тартып, бас ауруы, бас айналу, жүрек соғысының жиілеуі, әлсіздік болуы мүмкін, бірақ бұл белгілерді науқастар көп жағдайда шаршағандықтан деп түсінеді. Сондықтан, әсіресе 40 жастан асқандар тонометр алып, аптасына бір рет қан қысымын өлшеп, бақылауда ұстағаны дұрыс.
Қандай факторлар гипертонияға әкеледі?
Басты себептер — артық салмақ, аз қозғалыс, тұз бен алкогольді көп тұтыну, созылмалы күйзеліс, темекі тарту және тұқымқуалаушылық. Бірнеше фактор бірігіп келсе, қауіп тіпті артады. Мысалы, адам шылым шегіп, дұрыс тамақтанбай, қозғалыссыз өмір сүрсе — гипертония қаупі бірнеше есе жоғарылайды. Қазіргі таңда “кеңсе гипертониясы” деген бар — шамадан тыс ақыл-ой жұмысы мен қозғалыстың аздығынан қан қысымы көтеріледі. Тұқымқуалаушылықты өзгерте алмасақ та, өмір салтын түзету — әркімнің қолынан келеді.
Қан қысымы көтерілсе не істеу керек? Қашан ем бастау қажет?
Егер қан қысымыңыз 130–140/80–90-нан жиі жоғарылап тұрса — міндетті түрде дәрігерге қаралу керек. Жақындарыңыздың кеңесімен дәрі қабылдауға болмайды — ем әр адамға жеке тағайындалады. Бастапқы кезеңде біз көбіне дәрісіз емдеуді ұсынамыз: салмақты азайту, тұзды шектеу, таза ауада серуендеу, ұйқыны реттеу. Егер қысым тұрақты жоғары болса немесе басқа да тәуекелдер бар болса — дәрі тағайындалады. Ең бастысы — уақыт оздырмау. Дер кезінде ем тағайындалса гипертонияны бақылауда ұстауға болады.
Артериялық гипертониямен күрес күніне орай басты кеңесіңіз?
Менің кеңесім — ауру белгілерін күтпей, денсаулығыңызға бүгіннен бастап мән беріңіз. Қан қысымын бақылаңыз, белсенді өмір сүріңіз, дұрыс тамақтаныңыз. Жылына кемінде бір рет дәрігерге қаралыңыз. Жүрек пен қан тамырлары — ағзаның қозғатқышы, оның дұрыс жұмыс істеуі өзімізге байланысты. Гипертония — алдын алуға болатын ауру.