Алматыда аптап ыстық. Ауа температурасы +35 °C-тан жоғары деңгейді көрсетуде. Мұндай жоғары температура жай ғана қолайсыздық тудырып қоймай, ағзаның сусыздануына, ыстық өтуге және созылмалы аурулардың асқынуына себеп болуы мүмкін. Аптап ыстықтан ағзаны қалай қорғауға болатыны туралы Almaty Resort емдеу-оңалту бөлімшесінің меңгерушісі Жәнібек Зейнелғабды айтып берді.
– Жәнібек Қанышұлы, аптап ыстықтың адам ағзасына қандай қаупі бар және кімдер ерекше қауіп тобына жатады?
– Қатты ыстық кезінде ағза қалыпты дене қызуын сақтау үшін күшейтілген режимде жұмыс істейді. Терлеген соң адам көп мөлшерде сұйықтық пен минералды заттарды жоғалтады. Егер олардың орны дер кезінде толтырылмаса, сусыздану қаупі артып, қан қысымының бұзылуы, жүрек пен қан тамырларына салмақ түсуі мүмкін. Сонымен қатар, күн өту және ыстық өту қаупі жоғарылайды. Әсіресе, егде жастағы адамдар, балалар, жүкті әйелдер, жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті, бүйрек пен тыныс алу жүйесінің созылмалы аурулары бар науқастар, сондай-ақ ашық ауада еңбек ететін азаматтар сақ болғаны жөн.
– Аптап ыстық күндерді қалай дұрыс өткеру керек? Қанша су ішу қажет, қандай тағамдарды тұтынған дұрыс және неден бас тартқан жөн?
– Ең бастысы – ағзаның сусыздануына жол бермеу. Орта есеппен ересек адам тәулігіне 2–2,5 литр су ішуі керек. Егер адам дене еңбегімен айналысса немесе далада жұмыс істесе, сұйықтыққа деген қажеттілік едәуір артады. Тамақтануда жеңіл тағамдарға басымдық берген дұрыс. Атап айтқанда, жаңа піскен көкөністер мен жемістер, қышқыл сүт өнімдері, салқын сорпалар және буға пісірілген тағамдар пайдалы. Ал майлы, қуырылған, тым тұзды және ащы тағамдарды шектеген жөн. Сондай-ақ алкогольді ішімдіктер мен тәтті газдалған сусындардан бас тарту қажет, өйткені олар ағзаның одан әрі сусыздануына ықпал етеді.
– Ыстық өту немесе сусызданудың қандай алғашқы белгілеріне мән беру керек? Жедел жәрдем келгенге дейін не істеу керек?
– Алғашқы алаңдатарлық белгілерге қатты шөлдеу, айқын әлсіздік, бас айналу, бас ауруы, жүрек соғысының жиілеуі, жүрек айнуы, терінің қызаруы және дене қызуының көтерілуі жатады. Ауыр жағдайда адамның санасы шатасып, тіпті есінен тануы мүмкін. Осындай белгілер байқалған жағдайда адамды мүмкіндігінше тезірек салқын немесе көлеңкелі жерге апарып, қысып тұрған киімдерін босатып, салқын сумен немесе суық компресстердің көмегімен денесін салқындату қажет. Егер адам есін білсе, оған суды аз-аздан ішкізу керек. Ал жағдайы нашарласа немесе есінен танып қалса, дереу жедел жәрдем шақыру қажет.
– Көптеген адамдар аптап ыстықта да спортпен шұғылданып, далада жұмыс істеп немесе саяжайға барып жатады. Белсенді қимылды қалай қауіпсіз ұйымдастыруға болады?
– Ыстық күндері дене белсенділігін таңертеңгі сағат 10:00-ге дейін немесе кешкі 18:00-ден кейін жоспарлаған дұрыс. Ашық түсті, табиғи матадан тігілген жеңіл киім киіп, міндетті түрде бас киім кию қажет. Сондай-ақ суды аз мөлшермен, бірақ жиі ішіп тұрған жөн. Жұмыс немесе жаттығу барысында көлеңкеде үзіліс жасап, демалу да өте маңызды. Егер жұмыс немесе жаттығу кезінде әлсіздік, бас айналу, жүрек қағысының жиілеуі немесе жалпы жағдайдың нашарлауы байқалса, дене жүктемесін дереу тоқтатып, салқын жерге бару керек.
– Егер адам жаздың аптап ыстығын ауыр қабылдаса,шипажайда демалу оған көмектесе ала ма? Сіздерде бұл үшін қандай жағдайлар жасалған?
– Әрине. Санаторий-курорттық емдеу, әсіресе, созылмалы аурулары бар және жоғары температураны ауыр қабылдайтын адамдар үшін өте пайдалы. Тыныш күн тәртібі, емдік процедуралар мен қолайлы табиғи орта ағзаның ыстыққа бейімделуіне және күш-қуатын қалпына келтіруге көмектеседі. Almaty Resort шипажайында бұл үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Аумағында күннің тікелей сәулесінен қорғайтын үлкен, көлеңкелі саябақ бар. Демалушылар таза ауада серуендеп, жайлы тыныға алады. Сонымен қатар, шипажайда бассейн жұмыс істейді, ол аптап ыстықты жеңіл өткеруге және жалпы денсаулықты жақсартуға ықпал етеді. Бұдан бөлек, қонақтарға шипажайдың өз ұңғымасынан алынатын минералды су ұсынылады. Ол ағзадағы су-тұз теңгерімін сақтауға көмектесіп, жалпы денсаулыққа оң әсер етеді